«АҚШ, БАӘ және Чехиядағы компанияларға шақырады»: 19 жаста халықаралық стартаптардағы әзірлеушілер тобын қалай басқаруға болады?

25.06.2024
Share open/close
Сілтеме көшірілді

Біз Samsung Innovation Campus түлектерінің жетістіктері туралы материалдар топтамасын жалғастырудамыз. Бұл жолы Рауан Мұсахан туралы айтамыз. Мектеп оқушысы бола тұрып ол қазақстандық ірі компанияларға мобильді әзірлеуші ​​болып жұмысқа орналаса алды. Біраз уақыттан кейін жас бағдарламашыны халықаралық стартаптар байқады. Қысқа уақыт ішінде ол АҚШ пен Ресейде жобаларды іске қосуға атсалысып, сол жерлерде топ жетекшісі қызметін атқарды. Қазір 19 жастағы жігіт канадалық стартапта әзірлеушілер тобын басқаруда. Рауан Мұсахан аз уақыттың ішінде осындай биіктерге қалай жеткенін айтып берді.

 

 

Спорттық мансаптан бағдарламалауға көшу

 

Мен әрқашан бағдарламалауды тек кәсіп емес, сонымен қатар шығармашылықпен өзін-өзі көрсету тәсілі деп санадым. Маған кодтау ұнап, үйде түрлі жобалар жасап жүргем. Дегенмен, бұл бағытты қосалқы нұсқа ретінде қабылдағам. Басты назарым спорттық мансабыма арналды.

 

Уақыт өте келе кодтауды жақсы білетінімді түсіндім және осы арада өзім үшін курстарға барғым келді. Түрлі нұсқаларды қарап отырып, әлеуметтік желілерде Samsung Innovation Campus-ке қабылдау туралы хабарландыруға тап болдым. Ең алдымен жобаны осындай технологиялық алпауыт жүзеге асырып жатқаны мені қызықтырды, екіншіден, бұл тегін болды және сертификат беріледі. Қабылдау сынақтарынан оңай өтіп, мен «Android әзірлеу» бағытына түстім.

 

Сабақтар менің барлық үміттерімді ақтады. Маған әсіресе теория мен практика арасындағы тепе-теңдік ұнады – жаңа ұғымдарды біліп қана қоймай, оларды үйдегі жобаларымда бірден қолдана алдым. Бұл менің өз бетімше алған білімімді жүйелеуге және өз мүмкіндіктеріме сенімдірек қарауға көмектесті.

 

IT саласындағы алғашқы қадамдар

 

Оқып жүріп, «Law Group Kazakhstan» компаниясына жұмысқа орналастым. Оларға Android әзірлеушісі қажет болған. Мен өтініш беріп, сұхбаттан кейін жұмысқа қабылдандым. Алғашында жалақысы 150 мың теңге болатын. Ол кезде мен үшін көп ақша сияқты көрінді. Ең бастысы, өзімнің шеберлігімнің арқасында ақша тауып жатқаныма қуандым.

 

 

Samsung Innovation Campus-те алған білім жұмыс барысында өте пайдалы болды. Сабақтар кешкі уақытта өтетін. Мен оларға қатысып, сұрақтарыма жауап тауып, оларды бірден жұмысымда қолданатынмын. Өкінішке орай, қандай жобаларда жұмыс істегенімді айта алмаймын, өйткені ақпаратты жария етпеу туралы келісімге қол қойғанмын.

 

Менің мансабым тез дами бастады. Содан кейін «Panda Innovation» компаниясында мобильді әзірлеуші ​​болып жұмысқа орналастым. Сондай-ақ, танысуға арналған «Hitba» атты онлайн платформада қысқа жұмыс кезеңі болды. Осыдан кейін «Magnum» компаниясы болды, онда маған әзірлеушілер тобын басқару сеніп тапсырылды. Бұл мен үшін үлкен сынақ болды. Барлық жергілікті жобалармен қатар халықаралық деңгейде жұмыс жасадым. Мені АҚШ пен Ресейде ашылған компанияларға аутсорсингке шақырды. Сол жерлерде де басшылық қызметтерді атқара бастадым.

 

Жаһандық деңгейге шығу

 

Менің мансабымдағы шешуші сәт халықаралық деңгейдегі топ жетекші рөліне дайын екенімді түсіну болды. Осындай бос орындарға құжат тапсыра бастап, сұхбаттардан сәтті өте бастадым. Маған БАӘ, Чехия және басқа елдердің IT компанияларынан жұмыс туралы ұсыныстар түсті. Сол кезде мен өз ісімнің маманы болып жатқанымды түсіндім.

 

Қазір әртүрлі компаниялар үшін бюджетті бақылауға маманданған канадалық стартапта жұмыс істеймін. Мұнда мен жетекші Flutter әзірлеушісі лауазымын атқарамын. Менде тамаша команда бар және жақсы жағдай жасалған. Сонымен қатар, бос уақытым мен қалауым болса, басқа жобаларды қолға алуға тырысамын.

 

 

Samsung Innovation Campus менің кәсіби дамуымның маңызды сәті болды. Жоба маған қай бағытта жүргім келетінін және нені дамытуым керек екенін түсінуге көмектесті. IT саласында мансапты армандайтын кез келген адамға кеңесім: алға жылжудан қорықпаңыз, үнемі дамып, әр қадамыңыздан ләззат алыңыз. Дәл осы тәсіл үнемі өзгеріп отыратын және бізден бір қадам алда болуды талап ететін салада табысқа жетуге мүмкіндік берді.

 

Samsung Innovation Campus – бұл Samsung Electronics компаниясының халықаралық әлеуметтік және білім беру бағдарламасы, оқушылар мен студенттерге ең танымал IT мамандықтарын тегін меңгеруге көмектеседі: жасанды интеллект, заттар интернеті, мобильді даму және үлкен деректер секілді. 2014 жылдан бері бүкіл әлем бойынша шамамен 119 000 студент осы бағдарлама арқылы оқуын аяқтады. Қазіргі уақытта Samsung Innovation Campus жобасы әлемнің 30-дан астам елінде жүзеге асырылуда. Қазақстанда бағдарлама 2017 жылы іске қосылды. Осы уақыт ішінде оған 10 мыңға жуық жас қазақстандық қатысты. Бағдарлама туралы толық ақпаратты samsung-campus.kz сайтынан алуға болады.

Компанияның жаңалықтары > Әлеуметтік жобалар

Компанияның жаңалықтары > Қазақстанда

Сервистік қызмет көрсетуге байланысты туындаған кез келген сұрақтар бойынша samsung.com/kz_kz/support сайтына хабарласуыңызды сұраймыз.
БАҚ өкілдерімен ынтымақтастық сұрақтары бойынша info.kz@samsung.com сайтына жазуыңызды сұраймыз.

Samsung туралы өзекті жаңалықтарды біліңіз

Мақалалардың тізімі
Жоғары